Бастауыш сыныптарда оқу сауаттылығын арттыруға бағытталған жұмыс түрлері » "Алтынбике Бертаева атындағы орта мектеп - Лавар бастауыш мектебімен" КММ
Алматы облысы білім басқармасының
Еңбекшіқазақ ауданы бойынша білім бөлімінің
"Алтынбике Бертаева атындағы орта мектеп - Лавар бастауыш мектебімен"
коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Қабылдау бөлімі :
+7(72636) 43-50-93
Есепші бөлімі:
+7(72636) 23-11-37
Нашар көрушілер
нұсқасы
» » Бастауыш сыныптарда оқу сауаттылығын арттыруға бағытталған жұмыс түрлері
01
март
2022

Бастауыш сыныптарда оқу сауаттылығын арттыруға бағытталған жұмыс түрлері

Бастауыш сыныптарда оқу сауаттылығын арттыруға бағытталған жұмыс түрлері

ХХІ ғасырда білім беру өзгермелі өмір талабына  жауап беруі тиіс. «Ұлт болам  десең, бесігіңді түзе» - деген қанатты сөз бар. Ұлттың  ұлт болып  қалыптасуы оның тіліне, дініне, біліміне  байланысты.

Жас ұрпақ – ел болашағы, ел  тірегі, ертеңіміздің кепілі. Президенттің  халыққа  Жолдауында айтқандай, мектеп оқушыларын  отансүйгіштікке, шығармашылыққа,  ақыл-ойын жан-жақты дамытуға,  саналы білім бере отырып тәрбиелеу және қазіргі нарық  қатынасының  талабына сай   адам етіп   шығару міндеті көзделген.  

Дүниежүзінде білімнің әлеуметтік рөлі  артты. Адамның болашағы оның   қазіргі білімінің  сапасының     көлеміне, ойлау деңгейіне   байланысты. 

         Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары.

 «Еліміздің білім беру және ғылым саласының алдында кезек күттірмес ауқымды міндет тұр. Бұл – уақыт талабына сай болумен қатар, әрқашан бір адым алда жүріп, тың жаңалықтар ұсына білу деген сөз» деп айтқан  ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев сөзі әрбір ұстаздың санасында болуға тиіс, және ол өзінің қиын да қызық шығармашылық еңбегінде  серпіліс жасауын уақыт талап етеді.

Жаңа ғасырда мұғалімнің   жаңа ұрпағының  білім деңгейі  әрдайым саналып келгендей біршама емес, әлдеқайда жоғары болуы тиіс. Бұл уақыт талабы. Оқушы өз заманының    көшбасшысы   болуы  керек. Бұл, әрине, оның жетекшісіне, жөн сілтеушісіне байланысты. Әр мұғалім алдында отырған  ұл-қыздардың тағдырын  «маған сеніп тапсырылған» дегенді естен шығармаса,  бүгінгі ұрпақ  ертең мәуелі бәйтеректей биік өседі.

         Еліміздің  тәуелсіздікке қол жеткізіп, егеменді ел болуы  мұғалімнің шығармашылық еңбегіне көптеген өзгеріс енгізді.

         Мұғалімнің  мектептегі   негізгі  қаруы  сабақ   болса,  сол сабақты озық педагогикалық  технология  элементтерін   тиімді  пайдалана отырып өткізуге мүмкіндік туды.

         Шығыс  даналығы   былай дейді: «Адамгершілігі барлар, басқаларға тірек болады, осыны өздері де қалайды, басқаларға жетістікке жетуге көмектеседі, өзі де сол жетістікке жетуді қалайды». Яғни, бұл баланың ынтасын  жетелеу   арқылы оқыту, үйрету;  оқушының өзі арқылы оның  іс-әрекетін  ұйымдастыру арқылы  ойлау   дағдыларын  дамыта  отырып, жүзеге  асыру деген   сөз. 

Ана тілің  - арың бұл,

Ұятың боп тұр бетте.

Өзге тілдің бәрін біл,

Өз тіліңді құрметте – демекші, бастауыш сыныпта бала барлық пәнді өз  ана тілінде оқығаны дұрыс деп ойлаймын. Ана тілін жетік меңгерген оқушы өзге тілді  үйренуге   жолдама  алады. Сол себепті  қазақ баласының,   ең алдымен, қазақ тілін жетік меңгеруі  оның бастауыш   сыныптағы  ұстазына көп байланысты.

Қазіргі таңда бала біліміне мониторинг жасауға арналған  түрлі халықаралық зерттеулер бастауыш сынып мұғалімдеріне білім беру жолында жаңаша бағыт, жаңаша көзқарас таңдауды талап етеді. Қатар жүретін төрт дағды (айтылым, тыңдалым, оқылым, жазылым) баланың қоршаған әлемді танып меңгеруіне үлкен септігін тигізері анық. Ал енді сол танымдық үрдістердің қалыптасуында, ең алдымен, тілді меңгеру турады.  

         Бастауыш сыныпта барлық пәндерден  теориялық  материалды оқыту барысында  қолайлы   педагогикалық  технология элементтерін  тиімді пайдалануды, мемлекеттік стандарт талаптарына   сай  оқушыларда теориялық білімнің негізін қалыптастыруды,  шығармашылық қабілеттерін арттыруды  және мемлекеттік  тілдің мәртебесін көтеруді бүгінгі педагогикалық оқуларға негізгі  мақсат етіп қойдым.

Осы қойылған мақсат негізінде, бүгінгі педагогикалық оқуларға ұсынып отырған баяндамамның тақырыбын  «Бастауыш сыныптарда оқу сауаттылығын арттыруға бағытталған жұмыс түрлері» деп алдым. Сабақта белсенді  де нәтижелі білім беру  технология элементтерін   жиі пайдаланудың  тиімді   жағы  - оқушылардың  ақыл-ойы мен өзіндік тұжырымы арқылы жаңа тақырыпты  саналы түрде меңгеру  дағдыларының   қалыптасуы. Білімді  меңгеру осы   технологиялардың  әр сатысында дами түседі. Әрбір ұстаз  өз Отанын шексіз сүйетін,  білімді,   іскер,  адамгершілігі мол,  парасатты, мәдениетті, жан-жақты  жетілген ұрпақты  дайындауға   міндетті.  Сабақта  оқушылардың   жеке басын құрметтей отырып,   білім беру – бұл оқытудың негізгі талабы.  Өйткені   оқушылардың  бәрінің ойлау қабілеті бірдей емес.  Сондықтан бұл мәселеге психологиялық тұрғыдан қарап,   педагогикалық әрекет,  әдістемелік шеберлікпен келу керек. 


Оқу сауаттылығының негізі - мəтінмен жұмысты толық қалыптастыру болып табылады. Бұл оқушылар шығармадан қажетті ақпаратты алуына, нақты мəтіннен қорытынды шығаруына, негізгі кейіпкерлердің əрекеттерін интерпретациялауға, мəтін үлгісімен бекітуге жəне мəтін құрылымының бастапқы сараптамасын алуға көмектеседі. 

Қазіргі таңда оқу сауаттылығы заманауи қоғамдағы өмірге деген дайындықтың маңызды бөлігі ретінде қарастырылады.

Әрбір педагогикалық технологияның өзіндік  маңыздылығы мен   күтілетін нәтижесі болады.  Мемлекеттік стандарт талаптарын  орындау   - менің әр сабағымның негізгі   қағидасы. Теорияны  дұрыс меңгермеген  оқушыда  тиянақты, жүйелі білімнің болмайтыныны  анық. Оқушы білімінің негізі теориялық  білімде   болғандықтан,  сабақ  барысында   баланың  теорияны дұрыс  меңгеруіне үлкен көңіл бөлемін.  Оқушылардың    жүйелі  білім алуына  мен 1-сыныптан бастап үлкен назар аудардым.

1-сыныпта Ана тілінен   оқылымға берілген мәтінді бала өз бетінше оқып, мазмұнын талдау негізінде түсінеді. Әрине, мазмұнын түсінген оқушы кез-келген тапсырманы өз бетінше алып шығады, өз бетінше тақырыпты ашады. Әрбір жұмыс түрі жүйелі алгоритмді, реттілікті талап етеді. 



1-сынып. 21 сабақ. «Алматы метросы. Буын» тақырыбын өту барысында оқушылардың оқу  сауаттылығын тексеру мақсатында төмендегідей тапсырма ұсындым  

1.

Мәтін не туралы?

А. Алматы метросы туралы                         В. еліміздің рәміздері туралы     

2.

Метро неше бекеттен тұрады?

А. 8                   

В. 9                   


3.

Метродағы Мәскеу бекеті ненің белгісі?  Жаз.

______________________________________________________

1-сынып. 20 сабақ. «Еліміздің астанасы. Буын» тақырыбын өту барысында оқушылардың оқу  сауаттылығын тексеру мақсатында төмендегідей тапсырма ұсындым   



1.

Мәтін не туралы?

А. еліміздің  астанасы туралы                         В. еліміздің мұражайлары  туралы     

2.

Қаланың ортасымен қандай өзен ағады?

А. Ертіс өзені                   

В. Есіл өзені                   


3.

Қалада қандай ғимараттар бар?  Жаз.

______________________________________________________


Әліппені жақсы меңгеріп, Ана тілін қолға алған оқушылар мұндай тапсырмалар орындауда 70% көрсеткішті берді. 

Келесі сабақта тапсырма түрін өзгертіп, үйде мәтінді неше қайтара  оқып, мазмұнын біліп келген оқушыларға жазба жұмыстары дәптерлеріне еске сақтаған мәтін мазмұнын жазып беруді тапсырдым. Бұл тапсырманы да жақсы алып шықты. 

 Оқу сауаттылығын дамытудағы білім мазмұнының  жаңғыруы - сындарлы оқыту теориясына негізделгендігі. Сындарлы оқытудың мақсаты - оқушының пәнді терең түсіну қабілетін дамыту, алған білімін сыныптан тыс жерде, кез келген жағдайда тиімді пайдалана білуін қамтамасыз ету. 

 Оқушылардың тақырыпты сыни тұрғыда меңгеруі ұтымды таңдалған жұмыс түрін талап етеді. Сабақтарда жиі қолданылатын әдіс-тәсілдер: 

«ДЖИГСО»

Топтарға мәтін бөлігі таратылады. Мәтін бөлігін оқып, өз топтарында талқылайды. Талқылауға аз ғана уақыт беріледі. Бастапқы топқа қайта келіп, қолдарындағы мәтін бөліктерін құрастырады. Топтарға мәтіннің толық нұсқасы таратылады. Толық мәтін мазмұнымен танысып, мәтін желісін топ мүшелері бірлесіп отырып аяқтайды.

ДЖИГСО әдісімен жұмыс ақпарат алу мен пысықтауға, ойлауға ықпал етеді. Оқытудың осы ұжымдық әдісін жүзеге асыру мақсаты — жалпы мәселені алдымен жұпта, кейін ұжымда талқылау, үйрену мен үйрету. Бұл жағдайда әрбір оқушы бір сәт өзін мұғалім ретінде сезінеді, оқуға деген жауапкершілігі артады. Мәселен, әдісті қолдануды төмендегіше қарастырып көрейік.

Алдымен ұжым 4 адамнан тұратын топтарға бөлінеді. Бұлар - бастапқы жеке жұмыс топтары. Берілгелі тұрған жұмыс мәтіні төртке бөлінеді. Енді топ мүшелері төртке дейінгі реттік жүйеде тағы бөлінеді. Тіпті тақырыпқа қатысты сұрақ қойып, айтылған сөздерді шартты атау ретінде бөліп беруге де болады (мәселен, берілген сөйлемдердің мағыналық түрлерін анықтаңдар: сұраулы, лепті, хабарлы, бұйрықты). Бұл жолы әр сан иелері немесе атау иелері өз алдына «жұмыс тобын» құрайды.

Оқуға ұсынылатын материалдың тақырыбы талқыланған соң, осы мәтінді топта талқылап, түсіну қажет екендігі ескертіледі. Логикалық түрде төрт бөлікке бөлінген мәтін бөліктері әр топқа таратылады. Топтар тұтас мәтінмен емес, тек белгілі бөлікпен ғана жұмыс істеп, бүге-шігесіне дейін талдайды, пікір алмасады, ойын нақтылайды. Жұмысты бастамас бұрын екінші құрылған шағын топқа бара жатқан оқушыларға «жұмыс тобында» мәтіннің тиісті болты жақсы меңгеру қажеттігі айтылады, өйткені сол бөлімді «бастапқы топ» мүшелеріне түсіндіруге жауапты болатыны, мәтінді тұтас түсіну әр оқушының жұмыс істеуі мен зейін қоя түсінуіне байланысты екені түсіндіріліп, жауапкершілік жүктеледі.

Бұл стратегия мазмұнды жан-жақты меңгеру, оқығанды есте сақтау үшін ұмтылу, жауапкершілік дағдысына баулу мақсаттарында аса тиімді. Оқушының оқуға деген қызығушылығы артады, ұжымда жақсы қарым-қатынас қалыптасады, саналы тәртіп орнайды.

«Елестету көрінісі»

Мәтіннің басты мәнін мүмкін болса, елестетуге тырысу керек. Егер мүмкіндік болса, сурет, сызба, тірек сызба т.б ретінде қағазға түсіріп, суреттерді қорғау.

«Даналық ағашы»

Оқушылар ішінен бір жүргізуші сайланады. Жүргізушінің қолында қорап немесе сандықша болуы керек. Оқушылар тақырып бойынша ашық сұрақтар құрастырып, жүргізушіге береді. Сұрақтар құрастырылып біткен соң, оқушылар сандықшадан кез келген сұрақты алып, дауыстап оқиды, толық жауап беруге тырысады. Қойылған сұрақпен берілген жауап бағаланады.

«Данышпан үкілер»

1. Мәтінмен жұмыс істеудің негіздері.

Мәтіннен негізгі (жаңа) ұғымдарды тауып, оларды алфавиттік ретте жазыңыз. Мәтіннен сіз күтпеген, сіздің бұрынғы ұғымдарыңызға қарсы тұрған ақпаратты табыңыз. Сізге жаңалық болған ақпаратты жазыңыз.

2. Маңызды өмірлік даналық.

Мәтіннің негізгі ойын бір сөйлеммен білдіріңіз.

3. Таныс және таныс емес.

Мәтіннен сізге алдында таныс болған және мүлдем таныс емес ақпаратты табыңыз.

4. Иллюстрациялық бейнелеу.

Мәтіннің негізгі ойын сурет, сызба, карикатура т.б. арқылы бейнелеп көріңіз.

5. Үлгі боларлық қорытынды.

Оқыған мәтіннен келешекте қажет болатын маңызды қорытынды шығаруға бола ма?

6. Талқылауға арналған маңызды тақырыптар.

Сыныпта талқылауға тұрарлықтай, ерекше көңіл бөлуге болатын ойларды, пікірлерді табыңдар.

«Әдебиет лотосы»

Мақсаты: оқыған әдеби шығармалар кейіпкерлері туралы кестені толтыру. Белгілі бір уақыт ішінде кесте толтырылуы керек. Хрестоматиядан оқыған шығармаларды да пайдалануға болады.

Шығарма атауы

         Авторы

         Кейіпкері

         Қандай?

         Қандай жағымды қасиеттері мен қылықтары ұнайды?

         Кейіпкерге ұқсағың келе ме, жоқ па? Себебін түсіндір.

«А,В,С»

А - сұрақ қояды.

В - жауап береді.

С – айтқан жауаптарды бақылайды, толық болмаса толықтырады.

Оқушылар топта үшеуден отырады. А — сұрақ қоюшы, В – жауап беруші, С — бақылаушы рөлін атқарады. Бақылаушы қажетті жерлерін түртіп алып, әңгіме соңында қорытынды береді.

Оқушылар осы сұрақтарға жазбаша стикерге жауап береді. Ұсыныс, тілектерін айтады.

«Баяндама»

Мұғалім оқушыларға мәтінді оқуға, соңынан оның мазмұнын сурет, сызба түрінде беруді ұсынады. Бұл «шпаргалканы» оқушы оң жағындағы көршісіне береді. Енді әрқайсысы өз көршісінің суреттерін не сызбаларын қолдана отырып, осы мәтін бойынша «баяндама» жасайды. «Баяндама» мазмұнын неғұрлым кең ашып, оны қорғап, ең жақсы өрнекті ұсынған оқушы жеңімпаз болады.

«Блум түймедағы».


 Блум түймедағының алты күлтесі – сұрақтар типінің алты түрі. 

1. Қарапайым сұрақтар. Оларға жауап бере отырып, болған жайттар туралы әңгімелеп беруге болады. Дәстүрлі бақылау жұмыстарында, терминологиялық диктанттарда, т.б. қолданылады. 

2. Анықтаушы сұрақ. Әдетте, «Сонда сіз солай демекшісіз ғой ..?», «Менің түсінуімше, сіз ...», «Менің қателесуім мүмкін, бірақ, меніңше, сіз былай айтқан сияқты болдыңыз...» деген сұрақтар болады. Бұл сұрақтар анықтау мақсатында жайдары көңілмен берілуі керек.

3. Интерпретациялық (түсіндіруші) сұрақ. «Неліктен жапырақтар күз мезгілінде сарғаяды?» - деген сұрақтың жауабын оқушылар білетін болса, ол сұрақ жай сұраққа «айналады». 

4. Шығармашылық сұрақтар: «егер», «болса», «қалай болар еді» деген сияқты сөздермен келеді. 

5. Бағалау сұрақтары. «Неліктен бұл жақсы, басқасы жаман деген баға алды?», «Бір нәрсе екінші нәрседен несімен ерекшеленеді?» - деген сұрақтар бағалау критерийлерін түсіндіруге бағытталған. 

6. Тәжірибелік сұрақтар. «Күнделікті өмірде қай жерде байқайсыз?», «Кейіпкердің орында болсаңыз, не істер едіңіз?» - деген сипаттағы сұрақтар теория мен практиканы ұштастырады.

Бұл әдіс-тәсілдерді жаратылыстану, қазақ тілі, дүниетану сабақтарында мәтінмен жұмыс барысында жиі қолдану – оқушы шығармашылығын арттыруға үлкен көпір болып табылады. 

Жаңаша оқытудың басты сипаты – мақсатты нәтиже.


Мұндай оқытудан күтілетін нәтиже:


1.      Оқушы пән бойынша Мемлекеттік  білім беру  стандарт талаптарын орындайды.

2.      Бастауыш сынып оқушысының оқу сауаттылығы  артады.

3.      Оқушының негізгі орта мектепке даярлығы жоғарылайды, 

5-сыныпқа үлкен дайындықпен  келеді.

4.      Оқушының сөйлеу  мәдениеті  қалыптасады,   дәлелді сөйлеуге үйренеді.

5.      Мемлекеттік  тілге   құрмет күшейеді.

6.      Баланың   көптеген   психикалық  үрдістері  жақсарады (ойлау, еске сақтау, еске түсіру, елестету, салыстыру, өзін бағалау т.т.)

7.      Білім  алуда   оқушының  жауапкершілігі  артады.






Пайдаланылған әдебиеттер тізімі


1.Қазақстан Респубикасының Білім туралы Заңы. 

2. Қ.Жарықбаев. Психология. Алматы. Мектеп.1982ж. 

3. Ж.Қ.Елеулаев. Оқушылардың дарындылығын дамыту мәселесі. Бастауыш мектеп. 2003ж. №1. 

4. PIRLS - бастауыш сынып оқушыларының функционалдық сауаттылығын бағалау. Алматы, 2016.

5. А.Х.Әлімов «Оқытудағы интербелсенді әдіс-тәсілдер» Астана «НЗМ»ДББҰ, 2014.

Похожие публикации:

20 июнь 2019 Мектеп тарихы
Мекен жайымыз
Еңбекшіқазақ ауданы, Достық ауылы Тохтар Аубакиров көшесі, 109А

©2016-2021, Ресми сайт Еңбекшіқазақ ауданы бойынша білім бөлімінің "Алтынбике Бертаева атындағы орта мектеп - Лавар бастауыш мектебімен" КММ
Барлық құқық қорғалған "Интерактивті мектеп" жобасы. Техникалық қолдаушы "Internet service" +77075327722,tangatarov13@mail.ru